
ӨМІРБАЯН
Мен, Махутова Мадина Хабидоллақызы, 1983 жылы дүниеге келдім.
Екі жоғары білімнің иесімін. 2004 жылы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Экономика факультетін «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдадым. 2025 жылы А.Қ. Тәшенов атындағы университетті «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту» мамандығы бойынша аяқтап, мектепке дейінгі білім беру саласындағы кәсіби білімімді толықтырдым.
Еңбек жолымды 2004 жылы Маңғыстау облыстық Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығында материалдық бухгалтер болып бастадым. 2005 жылы осы мекеменің еңбекақы есептеу бөлімінде бухгалтер қызметін атқардым. 2007 жылы құрылыс саласында бас бухгалтердің көмекшісі болып жұмыс істедім. Ал 2009–2015 жылдар аралығында «Шам-шырақ» оқу орталығы» ЖШС-де бас бухгалтер қызметін атқарып, қаржы және басқару саласында мол тәжірибе жинақтадым.
2015 жылы ерекше қажеттілігі бар ұлым дүниеге келгеннен кейін өмірлік ұстанымым түбегейлі өзгерді. Өз баламды оңалту барысында ерекше балалар мен олардың ата-аналарының қандай қиындықтарға тап болатынын өз көзіммен көрдім. Сол кезде елімізде, әсіресе Маңғыстау өңірінде, церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған мектепке дейінгі білім беру мен кешенді оңалтуды қатар жүргізетін орталықтың қажеттілігін терең түсіндім. Осы мәселені шешуге өз үлесімді қосуды өмірлік мақсатым деп қабылдадым.
2019 жылы «Теңізшевройл» компаниясының бастамасымен Атырау қаласында ұйымдастырылған «Қоғам үшін Жарқыра» әлеуметтік жобасына қатысып, балалардың церебральды сал ауруына шалдыққан және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған «Талпын» инклюзивті оңалту балабақшасы» жобасын ұсындым. Жобам қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Нәтижесінде қайтарымсыз грант иегері атанып, ерекше балаларға арналған арманымдағы жобаны жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болдым.
2020 жылдың 1 маусымында Ақтау қаласында «Талпын» инклюзивті оңалту балабақшасының салтанатты ашылуы өтті. Ашылу рәсіміне қала әкімдігі, білім беру саласының басшылары, қоғам қайраткерлері және ата-аналар қатысты.
«Талпын» инклюзивті оңалту балабақшасы – Маңғыстау облысында мектепке дейінгі білім беру мен кешенді оңалту қызметін бір шаңырақ астында біріктірген алғашқы инклюзивті оңалту балабақшасы. Бүгінгі таңда ауыр деңгейдегі балалар церебральды сал ауруына (ДЦП) шалдыққан мектеп жасына дейінгі балаларға арналған осындай бағыттағы өңірдегі жалғыз инклюзивті оңалту балабақшасы болып табылады.
Балабақшада екі топ жұмыс істейді. Мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға мектепке дейінгі тәрбие мен білім берумен қатар емдік дене шынықтыру, массаж, логопедиялық, дефектологиялық, психологиялық көмек, музыка терапиясы және сенсорлық интеграция бағыттары бойынша кешенді оңалту қызметтері көрсетіледі. Мекеме заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.
Өткен алты жыл ішінде біздің ұжымның кәсіби еңбегімен ондаған баланың өмірінде оң өзгерістер болды. Әсіресе ауыр деңгейдегі балалардың басын ұстауы, аунап-төңкерілуі, өздігінен отыруы, тұруы, алғашқы қадамдарын жасауы, шайнауы мен жұтынуы, қасықпен өздігінен тамақтануы, жеке бас гигиенасын сақтауы сияқты өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруіне қол жеткіздік. Сонымен қатар көптеген балалардың сөйлеу қабілеті, танымдық дамуы, ойлау қабілеті мен әлеуметтік бейімделуі айтарлықтай жақсарды.
Бүгінгі күнге дейін 20-дан астам тәрбиеленушіміз жалпы білім беретін мектептердің табалдырығын аттап, өз қатарластарымен бірге білім алуда. Бұл – біздің ұжымның кәсіби еңбегінің, ата-аналармен тығыз ынтымақтастығымыздың және балалардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Балабақшамыздың тағы бір маңызды жетістігі – ата-аналардың өз балаларының қауіпсіз әрі сапалы оңалту мен білім алып жатқанын біле отырып, алаңсыз еңбек етуіне мүмкіндік жасауы. Осылайша біз ерекше балаларға ғана емес, олардың отбасыларына да үлкен әлеуметтік қолдау көрсетіп келеміз.
Мен үшін ең үлкен марапат – ерекше баланың алғашқы қадамын көру, алғашқы сөзін есту, өздігінен отырып-тұруы, күлімдеуі және өмірге деген сенімінің артуы. Әрбір баланың жетістігі – менің кәсіби жолымдағы ең үлкен қуанышым әрі мақтанышым.
Бүгінде «Талпын» инклюзивті оңалту балабақшасы Маңғыстау облысындағы инклюзивті білім беру мен балаларды кешенді оңалтудың үлгілі орталықтарының біріне айналды. Алдағы мақсатым – осы тәжірибені одан әрі дамытып, еліміздегі ерекше балаларға көрсетілетін мектепке дейінгі білім беру мен оңалту қызметінің сапасын арттыруға өз үлесімді қосу.
Менің өмірлік ұстанымым – әрбір ерекше баланың мүмкіндігіне сену. Өйткені әр баланың дұрыс қолдау мен сапалы білім алуға құқығы бар. Өзімнің білімім мен тәжірибемді ерекше балалардың өмір сапасын жақсартуға, олардың қоғамда өз орнын табуына және бақытты болашағына арнауды өмірлік миссиям деп санаймын.
Пікірлер қосу